Адамның ғұмыры жайлы аңыз Он сегіз мың ғаламды жаратқан соң, Алла адам мен жан-жануарларды қадір-қасиет пен мөлшерлі ғұмыр бөліп беру үшін дәргейіне шақырады. Бірінші болып адам келеді. Оған Алла: – Адам – сен Менің орынбасарымсың. Сол үшін саған сөйлеуге тіл, ойлауға ақыл бердім. Барша жаратылыс сенен төмен тұрады, оларға өз үкіміңді жүргізесің. Тағдырыңа отыз жыл ғұмыр жаздым, – деді. Адам өзіне аз ғұмыр берілгеніне қапаланып, ішінен: «Егер мен дүниенің патшасы болсам, онда отыз жыл ғұмыр сүргеннің не пайдасы бар?» – деп ойлапты. Екінші болып Есек келгенде, Тәңірі оған: – Сен адамның айтқанына көніп, айдағанына жүресің. Үнемі жаза көріп, мехнат шегесің. Етің арам, еңбегің адал болады. Саған елу жыл ғұмыр бердім, – дейді. Бұл үкімді естігенде, Есек басын жерге ұрып: – Егер дүниеде тек азап шексем, соншама ғұмыр неге керек? Өмірімнің жиырма жылын алыңыз, – деп жалынады. Сонда Адам келіп: – Иә, Ұлық Алла. Есектің жиырма жылын маған бер, – дейді. Алла екеуінің де өтінішін қабыл алады. Содан соң ит келеді. оған Алла: – Сен адамның үй-жайын күзетесің. Азығың сүйек-саяқ, жуынды болады. Қырық жыл ғұмыр кешесің, – дейді. Ит қыңсылап: – Егер үй күзетумен ғұмырымды өткізсем, оның несі өмір? Жасымды жиырма жылға азайтыңыз, – деп сұрайды. Мұны естіген Адам қайта келіп, иттің бас тартқан жиырма жасын өзіне қосқызады. Одан кейін маймыл келеді. Оған Алла: – Адамға сенің тек сыртқы бейнең ұқсар, бірақ мінезің бала сияқты болады. Сондықтан балалар сені ермек қылады. Дүниеде алпыс жыл жүресің, – дейді. Шошынған маймыл Алланың дәргейіне бас ұрып: – Адамға тек сыртқы пошымым ұқсаса, әрі кім көрінгенге мазақ болсам, мұндай өмірдің не қызығы бар? Ғұмырымды отыз жылға қысқартыңыз, – деп өтінеді. Адам тағы келіп, маймылдың отыз жасын сұрайды. Бұл жолы да Алла оның тілегін қабыл етеді. Адам тілегі толық орындалған соң, «жүз жыл ғұмыр да жетер» деп жөніне кетеді. Адам әуелгі отыз жылдың ішінде еш уайымсыз, бақытты дәурен сүріпті. Отыздан асып, елуге жеткенше, есек сияқты бейнет тартып, дүние жинайды. Бұл есектен алған жиырма жыл екен. Елуден жетпіске дейін жиған дүниесін қориды. Кім болса соған айқайлап, қазымыр күй кешіпті. Бұл кезең – иттен алған жылдары. Жетпістен асқан соң ажарынан, ақылынан айрылып, бала мінезді болыпты. Белі бүкірейіп, таяқпен жүретін болыпты. Жас балалардың ермегіне айналады. Бұл маймылдан алған жасы екен.

Теги других блогов: Адам Алла ғұмыр